ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазконтент "Astana Media Week" форумына қатысты

Нұр-Сұлтанда жыл сайынғы Astana Media Week медиа-апталығы өтті . Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиаиндустрияның негізгі жетістіктері мен мүмкіндіктерін көрсету.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ашты.

Министр Орталық Азияда баламасы жоқ бұл басқосудың отандық медиа саласын дамытуға қосатын үлесі жоғары болатынына сенім білдірді.

 Медиа-апталық аясында мастер-кластар мен тренингтер ұйымдастырылып, отандық медиаиндустрияны дамытудың өзекті мәселелері талқыланады.

Алғашқы күні «Baq.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Ерлан Оспан «Конвейердегі сауат» атты мастер-класс өткізіп, ақпараттық сауаттылықтың маңыздылығын, оның редакция беделіне әсері жөнінде айтты. Спикер цифрлық дәуірде ақпаратты сауатты ұсыну контент сапасын жақсартудағы маңызды элементтердің бірі екенін атап өтті.

 

Сондай-ақ бағдарлама аясында «Qazaqstan Tarihy» интернет-жобасының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ тақырыптық сайттарға аудитория қалыптастыру және сапа көрсеткішін арттыру тақырыбында мастер-класс өткізді.

Сонымен қатар апталық аясында әртүрлі жаңа жобалардың тұсауы кесілді. Мәселен, «Қазконтент» АҚ Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай интерактивті карта түрінде жасалған жаңа жобасын таныстырды. Сондай-ақ көпшілік назарына Нұр-Сұлтан қаласының көрнекті орнындарына, көшелер тарихы мен маңызды нысандарына арналған тағы бір жоба ұсынылды.